ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Шөлдала» шекара бөлімшесі – мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келе жатқан бөлімшелердің бірі. Бұл бөлімше ел мен елдің арасын жалғап тұрған жауапты аймақта орналасқан. Шекара шебінде тыныштықты күзету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін абыройлы да жауапты міндет. Осы орайда «Шөлдала» шекара бөлімшесінің сарбаздары бұл міндетті асқан табандылықпен, айрықша қырағылықпен атқарып келеді.

Бөлімше орналасқан Шөлдала ауылы – табиғаты қатаң, ауа райы құбылмалы, дала желі еркін есіп тұратын өңір. Мұнда шекара қызметі үздіксіз ауысыммен ұйымдастырылып, әскери тәртіп пен жауапкершілік айрықша маңызға ие. Әрбір сарбаз бекітілген міндетті қалтқысыз орындап, ел тыныштығы жолында 24 сағат бойы қызметте болады.
Бұл шекара бөлімшесі дәстүрлі күзет жүйесімен қатар, заманауи технологиялық құралдармен де жарақталған. Қызметтік аумақта бейнебақылау камералары толық орнатылған. Бұл техникалық артықшылықтар кез келген заңсыз әрекетті уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бөлімшеге кірер алдында көлік құралдарының қозғалысы қатаң тексеріліп, қызметтік иттер де белсенді жұмыс істейді. Бөлімшенің ішке кіру режимі мұқият тексеріледі.
Бөлімше бастығы – аға лейтенант ЕралханАсхат. Өз ісіне шынайы берілген, батыл да әділетті басшы бөлімшеге келген күннен бастап ұжымда темірдей тәртіп пен әділ басқару жүйесін қалыптастыра білді. Жас офицер сарбаздарға тәлімгерлік танытып, әрбір әскери қызметшінің ішкі дайындығына, тәртібіне, кәсіби машығына үнемі көңіл бөліп келеді. Оның басшылығымен бөлімше қызметкерлері бірнеше рет марапаттарға ие болып, қызмет нәтижелерімен көзге түскен.
Аға лейтенант Асхат Ералхан – тек шекарашы ғана емес, сонымен қатар өз отанына адал қызмет етуді жүрегімен сезінетін азамат. Оның бойындағы тәртіп, табандылық пен жауапкершілік қасиеттері сарбаздар арасында үлкен құрметке ие. Бөлімше ұжымы жас командирдің жетекшілігімен алдағы уақытта да биік белестерді бағындырарына сенім мол.
«Шөлдала» шекара бөлімшесі – ел шебіндегі тыныштық пен қауіпсіздіктің тірегі. Мұндағы әрбір сарбаздың қызметі – тәуелсіздік пен тұтастықты сақтау жолындағы мызғымас берік қорған. Олар шекараны күзетіп қана қоймай, отансүйгіштік, ерлік, адалдық ұғымдарын өз жүректерімен ұғынып, әр күнгі қызметіне соны серік етеді.

«ОС-ЧР» әскери журналисі
капитан А.А. Жексенбин
Суреттер бөлімше қорынан