Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне қарасты, Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының «Ақсуат» шекара бөлімшесі – көзге көп түсе бермейтін, бірақ ел тынысын үздіксіз күзетіп тұрған байыпты ұжымның мекені. Бұл жерде қызметтің салмағы да, мәні де дабырамен емес, күн сайынғы тәртіппен, қайталанатын жаттығумен, үнсіз жауапкершілікпен өлшенеді.
«Ақсуат» шекара бөлімшесінің тынысы – табиғаттың мінезіндей алуан. Кей күндері самал жел көңілді сергітіп өтсе, кей сәтте төңірек тұнжырап, аспанның өзі қабағын түйіп алғандай сезіледі. Осындай құбылмалы кеңістікте адамның да мінезі шыңдалады. Бөлімше аумағында әрбір әскери қызметші уақыттың қадірін біледі: мұнда «кейін» деген сөзге орын тар, ал «қазір» деген ұғымның салмағы ауыр. Өйткені шекара – қырағылықты сүйетін, бейқамдықты кешірмейтін ұғым.
Осы ұжымның тізгінін ұстаған аға лейтенант Нұрмұхамед Маратұлы Тұрлыбай – жасы жас болғанымен, қабағында талаптың табы, сөзінде нақтылықтың салмағы бар жас басшы. Оның жас офицерге тән жалын-жігері ұжымға серпін беріп, қызмет мәдениетін жаңаша қарқынмен ұйымдастыра білгені байқалады. Кейде басшылықтың айбыны қатқыл үннен емес, әділ өлшемнен танылады. Нұрмұхамед Маратұлы дәл осы қасиетімен көзге түсіп келеді: әскери тәртіпке келгенде қатаң, адамға келгенде әділетті. Ол бөлімшенің әр жауынгеріне жеке талап қоя отырып, бәрін бір мақсатқа – ортақ жауапкершілікке жұмылдыра біледі.
Бөлімшенің жауынгерлік даярлық – күн тәртібінің жүрегі. Дене шынықтыру, саптық мәдениет, кәсіби машықты шыңдау – мұнда жай міндет емес, күнделікті дағды. Ұжымның бірлігі де дәл осы ортақ тәртіптен бастау алады: әркім өз орнын, өз міндетін айқын білетін жерде сөз көбеймейді, іс сөйлейді. Ал, тәрбиелік жұмыс – бөлімшенің рухани қазығы. Мұнда әскери қызметшілердің бойындағы сенім, ішкі жинақылық, Отанға адал ниет тек ұранмен емес, күн сайынғы әңгімемен, үлгімен, ортақ ортадағы мәдениетпен бекітіледі. Жас сарбаздың еңсесі түсіп кетпесін, ойы бытырамасын, жолдан жаңылмасын – осының бәрі бөлімшенің тәрбиелік бағытының өзегінде тұрады.
Бөлімшенің ерекше бір қасиеті – жергілікті тұрғындармен байланысының бекемдігі. Шекара бойындағы ауылдың тіршілігі мен шекара қызметінің тынысы бір-біріне бөтен емес: екеуі де ел амандығын тілейді, екеуі де тыныштықты қадірлейді. Сондықтан «Ақсуат» әскери қызметшілері ауыл ақсақалдарымен, белсенді азаматтарымен, жастармен жылы қарым-қатынас орнатып, өзара түсіністіктің көпірін сақтайды. Кейде бір ауыз амандасу, бір ауыз жөн сұрасу – үлкен сенімнің басы. Ал сенім бар жерде талай мәселе өзінен-өзі реттеледі: ортақ тәртіп орнығады, ортақ жауапкершілік қалыптасады. Жергілікті жұрттың да бұл бөлімшеге деген ықыласы бөлек. Өйткені мұндағы жасақ өзін «сырттан келген күш» ретінде емес, осы өңірдің тыныштығына ортақтас, жұртпен тағдырлас ұжым ретінде ұстайды. Қажет жерде түсіндіру жұмысын жүргізу, жастарға бағыт-бағдар беру, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету – бәрі де қарым-қатынастың мәдениетін қалыптастырады.
«Ақсуаттағы» күндер бір қарағанда бір-біріне ұқсас көрінуі мүмкін. Бірақ әр күннің өз міндеті, әр сәттің өз сынағы бар. Мұнда таңғы салқынмен басталған қызмет кешкі тыныштыққа ұласқанда ғана уақыттың толық өткені сезіледі. Күн ұзаққа созылған еңбектің арасында әр жауынгердің жүрегінде бір тұмардай сөз тұрады: ел шебі – елдің намысы, тыныштық – халықтың бақыты. Сол бақты сақтау үшін бөлімше ұжымы өз ішкі тәртібін бекем ұстап, кәсіби сергектігін жоғалтпайды.

«ОS-ЧР» әскери журналисі
капитан А.А. Жексенбин
Суреттер бөлімше қорынан