Бүгін ауданда ерекше форматтағы, мазмұны терең, маңызы зор іс-шара – «Жетістікке жетелеген жүздесу» атты дарынды оқушылар мен аудан әкімінің орынбасары Досымбекова Махпал Сатыбалдықызымен ашық диалог алаңы өтті.
Бұл кездесу – тек ресми жиын емес, болашаққа сеніммен қадам басқан жастар мен жауапты тұлға арасындағы шынайы пікір алмасу алаңы болды. Аталған шараға облыстық, республикалық пәндік олимпиадалардың, ғылыми жобалар мен әдеби-шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары және олардың жетекшілері қатысты. Бұл – ауданымыздың білім мен ғылымдағы жетістіктерінің нақты көрінісі.
Іс-шара барысында оқушылар өз ойларын еркін жеткізіп, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Әрбір сұрақ – жас буынның ізденісін, ойлау деңгейін, қоғамға деген көзқарасын аңғартты. Ал Махпал Сатыбалдықызының берген жауаптары мен ақыл-кеңестері жастарға жаңа серпін, нақты бағыт сыйлады.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болды. Жоғары нәтижеге қол жеткізген оқушыларға арнайы смарт сағаттар табысталып, олардың еңбегі лайықты бағаланды. Ал дарынды шәкірттерді жетістікке жетелеген жетекшілер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – ұстаз еңбегіне көрсетілген құрмет пен сенімнің белгісі.
Іс-шараны аудандық білім бөлімінің басшысы Қуаныш Бахытұлы жүргізіп, жиынның мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті.
Бұл жүздесу – жай ғана кездесу емес, армандар мен мүмкіндіктер тоғысқан, тәжірибе мен шабыт ұштасқан маңызды алаң болды. Осындай кездесулер арқылы жастар өз болашағына сенімді қадам жасап, үлкен мақсаттарға ұмтылуға жігер алады.
Бүгінгі дарынды оқушы – ертеңгі ел тірегі. Оларға көрсетілген әрбір қолдау – ел болашағына салынған инвестиция.