Бүгін ауданда аудандық орталықтандырылған кітапханада дарынды оқушылар мен аудан әкімінің орынбасары Махпал Сатыбалдықызы Досымбекованың қатысуымен «Жетістікке жетелеген жүздесу» атты ашық диалог алаңы өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – білім мен ғылымда жетістікке жетіп жүрген дарынды жастарды қолдау, олардың ой-пікірін тыңдау және болашаққа бағыт-бағдар беру. Басқосуға олимпиада жеңімпаздары, ғылыми жоба авторлары, шығармашыл жастар мен ұстаздар қатысты.
Іс-шараны Жамбыл ауданы білім бөлімінің басшысы Қуаныш Бахытұлы жүргізіп, бүгінгі жастардың жетістігі – ел болашағының айқын көрінісі екенін атап өтті. Дарын мен табандылықтың ұштасуы үлкен нәтижеге жеткізетінін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова сөз алып, жастарға жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде жас ұрпақтың білімге деген құштарлығы мен ізденісін жоғары бағалап, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына тоқталды. Сонымен қатар, жастарды мақсаттан таймай, үздіксіз ізденуге шақырды.
Оқушылар өздерінің толғандырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Сұрақтар білім жолын таңдау, жетістікке жетудің сыры, мотивация, қиындықтарды еңсеру және тұлғалық даму тақырыптарын қамтыды. Махпал Сатыбалдықызы әр сауалға мазмұнды жауап беріп, өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу барысында жетістікке жеткен оқушылар да өз ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, республикалық ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы, алтын медаль иегері Усипов Махсуд пен облыстық «Ақберен» байқауының жүлдегері Бейсенбек Кәусар өз жетістік жолдары туралы айтып, құрдастарына мотивация берді.

Іс-шара соңында үздік оқушылар мен олардың жетекшілері марапатталды. Дарынды жастарға сыйлықтар табысталып, ұстаздарға Алғыс хаттар берілді. Шара естелік суретке түсумен аяқталды.
