Бүгін облыстық әкімдіктің мәжіліс залында облыстық ардагерлер ұйымының ІХ есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Маңызды жиынға өңірдің зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және белсенді азаматтар қатысты.
Конференция барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев сөз алып, ұйымның соңғы бес жыл ішінде атқарған ауқымды жұмыстары туралы жан-жақты есеп берді. Ол өз баяндамасында ардагерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың қоғам өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз ету, жастарға тәлім-тәрбие беру бағытында жүзеге асырылған іс-шараларға кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, ардагерлер ұйымының қоғамдық тұрақтылықты нығайтудағы, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудағы рөлі ерекше атап өтілді.
Жиын барысында делегаттар тарапынан ұйым жұмысына қатысты ұсыныс-пікірлер айтылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен басым бағыттар айқындалды. Атап айтқанда, ардагерлердің құқықтарын қорғау, олардың өмір сүру сапасын арттыру, сондай-ақ жастармен байланысты одан әрі нығайту мәселелері күн тәртібінде болды.
Конференция соңында ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар ардагерлер салтанатты түрде марапатталды. Атап айтқанда, Батырбек Саршаев 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Жамбыл облысының Үздік биі» атанып, жоғары марапатқа ие болды. Сондай-ақ, Сембек Пірімқұловқа «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» төсбелгісі табысталды.


Жиын қорытындысында марапат иелерін шын жүректен құттықтай отырып, олардың ел игілігі жолындағы еңбектері әрдайым елене берсін дейміз. Ардагерлерімізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбастарына амандық тілейміз. Келешекте де қоғам дамуына қосар үлестері мол болып, кейінгі ұрпаққа өнеге бола берсін!