Жаңа жылды жаңа көңіл күйде қарсы алу үшін Қарой ауылдық округінде жан жадыратар жаңалық орын алды.
Кәсіпкер, қолы ашық азамат — Медеу Иманалиев 5 отбасына 100 мың теңге көлемінде азық-түлік себеттерін және табиғи газ кіргізілмеген 5 жанұяға 250 мың теңгеге 2 тоннадан 10 тонна қатты отын (көмір) түсіріп, ауылдастардың алғысына бөленді.
Бұл туралы Қарой ауылдық округінің әкімі Төрехан Тапжанов:
– Таразыда салмағы ауыр амалға бейіл берген Медеуге ауылдастар ризашылығын білдіруде. Өткен жолы бірнеше ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлаймын деп хабарласқан еді. Содан бүгін 10 отбасының тізімін беріп, бірлесіп әрекет етіп, азаматтардың үйіне керекті азық-түлікті арнайы апарып бердік. Көмірін жеткізуге әкімшілік қызметкерлері қолғабыс етті. Алла тағала кәсібіне берекет берсін! Жолы оң болсын, – дейді Төрехан Жұмабекұлы.
Отбасылар тосын жаңалыққа қуанып, риясыз рақметін айтуда.
Осындайда тек кәсібін бірінші орынға қоймай, онымен бірге сауаптың кілтін іздеген жомарт жандарға риза көңіл танытасың.
Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы