Халықаралық әуежайдағы қауіпсіздік шебі

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне қарасты Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының «Тараз Әулие-Атахалықаралық әуежайы» (авиациялық) шекаралық бақылау бөлімшесі – еліміздің әуе қақпасында орналасқан аса маңызды нысандардың бірі. Бұл бөлімше арқылы Қазақстанға қаншама жолаушылар келіп, қаншама азамат шетелге сапар шегеді. Сондықтан мұндағы шекарашылардың қырағылығы, кәсібилігі мен адалдығы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алдыңғы шебінде тұр.

Олардың күнделікті атқаратын қызметі – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, артында зор жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Әрбір құжаттың дұрыстығын тексеру, жолаушыларды бақылау, жүктерді қарау – барлығы да қауіпсіздік шараларының басты бөлігі. Бұл міндетті абыроймен орындап жүрген бөлімше жеке құрамы тәуелсіз Қазақстанның берік қалқаны екенін әрдайым дәлелдеп келеді.

Әуежайдағы шекарашылардың қызметі тәуліктің әр сәтінде тоқтаған емес. Олар үшін күн мен түннің, мереке мен демалыстың айырмашылығы жоқ. Әрбір ұшып келген немесе ұшып шыққан рейс – жаңа жауапкершілік. Жолаушылардың құжаттарын мұқият тексеріп, шекаралық тәртіпті қадағалап, әрбір сөмке мен жүкті назардан тыс қалдырмайды. Бұл – тек заңды талап қана емес, ел қауіпсіздігінің берік қалқаны. Әлемдегі тұрақсыздық пен түрлі көші-қон толқындары жағдайында авиациялық шекаралық бақылау бөлімшесінің жүктемесі жылдан-жылға артып келеді. Соған қарамастан, бөлімше жеке құрамы өз міндетін абыроймен атқарып жүр.

Авиациялық шекаралық бақылаудың ерекшелігі – халықаралық стандарттарға сай қырағылық пен кәсібилікті қажет етуінде. Әуе кеңістігі арқылы мемлекетке заңсыз жолмен енуге тырысатындар, тыйым салынған тауарларды алып өтпек болғандар немесе көші-қон заңнамасын бұзушылар да кездесіп қалады. Мұндай жағдайда шекарашылардың қырағылығы бірінші орында тұрады. Жыл сайын ондаған құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, талай заңсыз әрекеттің алдын алу осы бөлімшенің қызметімен тікелей байланысты.

Бөлімше бастығы капитан Тәжібай Нұрсұлтан Әділбайұлы – білікті офицер, талапшыл басшы. Ол әскери қызметшілердің қызметіне жауапкершілікпен қарауын, әрбір әрекетінде тәртіп пен шекарашыға тән қырағылықты сақтауды басты қағида етіп отыр. Жеке құраммен күнделікті әңгімелесіп, олардың рухын көтеріп, әрбір әскери қызметшінің бойына патриоттық сезімді сіңіруге ерекше көңіл бөледі. Әуежайдағы шекарашылардың жұмысы сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ оның артында үлкен қажыр-қайрат пен мемлекетке деген адалдық жатыр.

Әуежайдан өткен әрбір жолаушы үшін шекарашылардың ілтипатты сөзі мен жылы қабағы – Қазақстанның алғашқы әсері. Бұл да дипломатияның бір қыры. Бөлімше әскери қызметшілері өз істерінде мәдениеттілік пен сыпайылықты сақтап, сонымен бірге мемлекеттік мүддені берік қорғайды. Әрбір азаматтың заңды құқығын құрметтеп, сонымен бірге ел қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген жағдайға жол бермеуді басты парыз санайды.

Қазіргі таңда бөлімше заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Паспорттық бақылаудан бөлек, жолаушылардың жүгі мен жеке заттарын тексеруге арналған электронды жүйелер, бейнебақылау қондырғылары қызмет атқаруда. Бұл құрал-жабдықтар шекарашылардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, олардың қырағылығын арттырып, заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Әуе шекара бекетіндегі қызметтің тағы бір ерекшелігі – халықаралық серіктестік. Шекарашылар кеден органдарымен, әуежай әкімшілігімен және құқық қорғау құрылымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ мақсатқа жұмылуда. Осындай үйлесімді жұмыстың арқасында Тараз әуежайы арқылы өтетін жолаушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Авиациялық шекаралық бақылау бөлімшесінің сарбаздары мен офицерлері үшін Отан алдындағы борыш – тек әскери міндет қана емес, жүректің қалауынан туындайтын қасиетті жауапкершілік. Олар әрбір күдігін қырағылықпен сейілтіп, әрбір азаматтың қауіпсіз сапарына үлес қосып жүр. Бұл – қарапайым еңбек сияқты көрінгенімен, тәуелсіздіктің қадірін түсінген жан үшін теңдесі жоқ қызмет.

Бөлімшенің қызметіндегі ең басты ерекшелік – халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеу. Әуежай арқылы өтетін әрбір шетел азаматы Қазақстан жайлы алғашқы әсерін дәл осы шекарашылардың іс-әрекеті арқылы қалыптастырады. Сол себепті әскери қызметшілер тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, мәдениеттілік пен әдептілік тұрғысынан да жоғары талаптарға сай болуы тиіс. Әрбір күлімсіреген жүз, әрбір жылы сөз – мемлекет беделінің көрінісі.

Қауіпсіздікке төнетін қатерлердің түрі де алуан. Кейде ол заңсыз көші-қон әрекеті болса, кейде тыйым салынған тауарды әкелу немесе алып шығу ниеті болуы мүмкін. Шекарашылардың қырағылығы осындай жағдайда сынға түседі. Жедел шешім қабылдап, нақты әрекет ету – олардың кәсіби машығының көрсеткіші. Бұл орайда бөлімшенің материалдық-техникалық жабдықталуы да үлкен рөл атқарады. Заманауи бақылау құрылғылары, бейнежүйелер мен электронды қондырғылар шекарашының сенімді серігіне айналған.

Капитан Тәжібай Нұрсұлтан Әділбайұлыбасқарған ұжымда қызмет пен тәртіпке ерекше мән беріледі. Әрбір сарбаздың моральдық-психологиялық дайындығына назар аударылады. Өйткені әуежайдағы қарбалас сәттерде әскери қызметші сабырлы, шешімді әрі әділ болуы тиіс. Басшы ретінде капитанның өзі де үлгі көрсетіп, жас офицерлерге ақыл-кеңесін беріп, сарбаздарға қамқоршы бола біледі.

Бұл бөлімшенің жұмысы тек бақылау-өткізу рәсімдерімен шектелмейді. Олар шекара қауіпсіздігіне байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жолаушыларға заңнамалық талаптарды түсіндіреді. Сонымен бірге, өзге мемлекеттік органдармен бірлескен жаттығуларға қатысып, кез келген төтенше жағдайға дайындық деңгейін арттырады. Мұндай үйлесімді іс-қимылдың нәтижесінде әуежайдағы тыныштық пен қауіпсіздік толық қамтамасыз етіледі.

Тараздағы «Әулие-Ата» халықаралық әуежайының шекарашылары – еліміздің шекаралық қалқанының бір бөлігі ғана. Бірақ олардың еңбегінде Қазақстанның тәуелсіздігі, азаматтарының қауіпсіздігі, халықаралық беделі тоғысып жатыр. Әуежайдағы әрбір тексеріс, әрбір қадағалау – мемлекеттің тыныштығы үшін жасалған қажырлы еңбек.

Капитан Тәжібай Нұрсұлтан Әділбайұлыбасқарып отырған бұл бөлімше – шекарашы болмысының айнасы, патриотизм мен кәсібиліктіңмектебі. Жамбылдың әуе қақпасынан кірген әрбір қонақ Қазақстанның қауіпсіздігі мен қонақжайлығын қатар сезініп, шекарашылардың абыройлы еңбегіне куә болып өтеді.

«ОС-ЧР» әскери журналисі

капитан А.А. Жексенбин

Суреттер автордың қорынан

Leave A Reply

Your email address will not be published.