Жол сапасын арттыруға басымдық: 21,3 млрд теңгеге 76 жоба жүзеге асады

Биыл автомобиль жолдарын жөндеу бағытында ауқымды жұмыстар атқару көзделіп отыр. Жоспарланған шаралар жергілікті маңызы бар трассаларды ғана емес, елді мекендердегі көше жолдарын да қамтиды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мурат Саурыковтың айтуынша, жол желісінің жағдайын жақсартуға және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді жоспар әзірленген. Жалпы құны 21,3 млрд теңгені құрайтын қаржы 76 жобаны іске асыруға бағытталады. Бұл қаражат жергілікті жолдарды, сондай-ақ қала мен ауыл көшелерін жөндеуге жұмсалмақ.

Жұмыстардың басым бөлігі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған. Атап айтқанда, жыл ішінде екі көпір мен үш теміржол өткелін салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде көлік қатынасын жеңілдетіп, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 7,6 шақырым көше-жол желісі қайта жаңғыртылып, асфальт жамылғысы заманауи талаптарға сай толық ауыстырылады.

Орташа жөндеу жұмыстары 167,6 шақырым жолды қамтиды. Бұл бағытта жол жабынын қалпына келтіру, негізін нығайту және пайдалану сапасын жақсарту қарастырылған.

Жобалар әртүрлі деңгейдегі жолдарға жүргізіледі: 26,2 шақырым – облыстық маңызы бар жолдар, 20,1 шақырым – аудандық деңгейдегі жолдар, ал негізгі бөлігі – 128,9 шақырым – елді мекен көшелеріне тиесілі.

Сонымен қатар жергілікті жолдар мен ауылішілік көшелерді күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстарына қосымша 3,2 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат жол жамылғысындағы ақауларды жоюға, шұңқырларды жөндеуге, жол жиегін және белгілерді күтіп ұстауға бағытталады.

Жоспарланған жобалардың жүзеге асуы жол инфрақұрылымының сапасын едәуір жақсартып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға ықпал етеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.