Тазалық – ұлт болмысының айнасы

Елімізде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында маңызды іс-шара өтті. Жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, аталған бастаманың мәні мен маңызына тоқталды. Мемлекет басшысы бұл акцияның екі жыл бұрын басталғанын атап өтіп, бүгінгі таңда оның жалпыхалықтық қозғалысқа айналғанын жеткізді.

Президент өз сөзінде халқымыздың ежелден тазалық ұғымына ерекше мән бергенін тілге тиек етті. Қазақ танымында «таза» сөзі тек физикалық тазалықпен шектелмей, адамның ішкі болмысымен, ниетімен, адалдығымен сабақтас ұғым екені айтылды. «Ары таза, ойы таза, жүрегі таза» деген сипаттама – ұлтымыздың рухани құндылықтарының көрінісі. Сонымен қатар, ата-бабаларымыздың табиғатпен үйлесімді өмір сүріп, қоршаған ортаны қорғауды қастерлі міндет санағаны да ерекше атап өтілді.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының дәл осы ұлттық құндылықтармен үндес екенін айтты. Оның пікірінше, тазалық – өркениетті қоғамның басты көрсеткіші, ал табиғатты аялау – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Бүгінде бұл бастама миллиондаған қазақстандықтың қолдауына ие болып, қоғамда жаңа мәдениет қалыптастыруға ықпал етуде.

Сондай-ақ Президент акцияның негізгі қозғаушы күші – жастар екенін ерекше атап өтті. Жас буынның белсенділігі мен жауапкершілігі – ел болашағының жарқын кепілі. Ортақ іске жұмыла кіріскен жастар экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді.

Жиын барысында Мемлекет басшысы барша отандастарға, әсіресе жастарға алғысын білдіріп, қасиетті Отанымызды таза, қауіпсіз әрі көркейген елге айналдыру – баршамызға ортақ міндет екенін жеткізді. «Таза Қазақстан» жобасының түпкі мақсаты – табиғатты қорғау, тазалық пен тәртіпті дәріптеу арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеу және сапалы ұлт қалыптастыру.

Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясы – тек экологиялық бастама ғана емес, ол ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, қоғамның жаңа мәдениетін қалыптастыратын маңызды қадамға айналып отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.