Жас суретшілердің жетістігі

Ауданымыздағы «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» жас буынның қанатын қатайтып, өмірлік жолын табуға орасан зор септігін тигізуде. Мұндағы сан бағыттың бірі – мен жетекшілік ететін «Жас суретшілер» үйірмесі.

Жасөспірімдердің суретке деген көзқарасы бөлек. Жүрегім қалаған мамандық болғандықтан, жасөспірімдермен тіл табысу, олармен жұмыс жасау маған қызық. Олардың біліп, үйренгені жұмысқа деген жігерімді арттыра түседі. Жалпы үйірмеде 75 оқушы 5 топқа бөлінген. Оқушылардың ізденісі мен қызығушылығының арқасында аз ғана уақыт ішінде жетістікке жетіп, орталық абыройын асқақтатудамыз. Мысалға, республикалық «Суреттер әлемі» байқауында Тоғжан Керімбек бас жүлдені иемденсе, Қалнұр Нұрғазиева «Қызғалдақ-2021» атты облыстық фестивалінде «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дипломға лайық деп танылды. Осы байқауда Айару Еркебай екінші орынды жеңіп алды. «Ғарышқа ұшқан тұңғыш ғарышкер – Тоқтар Әубәкіров» атты облыстық байқаудан Айкерім Жақсылық екінші орынмен оралды. Нұрай Есеналы «Өлке өркениеті» тақырыбындағы жас суретші-шеберлердің облыстық байқауында «Үздік үй тапсырмасы» аталымы бойынша және облыстық «Времена года» байқауында екінші орындарды иеленсе, аудандық жас суретшілер байқауында Аружан Қарағұлова бірінші орынды, Бақтыбай Балсезім екінші орынды иеленді.
Бұл жетістіктер шәкірттерге жігер, ерекше қызығушылық сыйлап отыр. Оларға орталық басшылары да ерекше қолдау көрсетуде.

Анель ҚАРАБАЛАЕВА,
«Жас суретшілер» үйірмесінің жетекшісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.