«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенге сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Қазіргідей үміт пен күдік қатарласа орын алған алмағайып кезеңде мұқтаж жанның қажеттілігін орындаудың сауабы мол болмақ.
Бүгінде қайырымды істің басы-қасында жүрген «Мейірім мекені» мүгедектер қоғамдық қорын бірі білсе, бірі білмейді. Аталған қор аудан орталығы мен ауылдардағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құжаттарын рәсімдеуге, құқықтарын қорғауға көмектеседі.
Жан жадыратар ізгі ісімен көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген қоғамдық қордың төрайымы Бану Шойынбаева Жаңа жыл мерекесі қарсаңында 1 отбасыға қуаныш сыйлады. Яғни, көпбалалы анаға күнделікті тұтынатын азық-түлік жеткізіп берді.
– Қазақ халқы «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп текке айтпаса керек. Қазіргі таңда көптеген мүмкіндігі шектеулі жандар тағдыр тауқыметімен күресіп жүргені рас. Сондықтан барымызбен бөлісіп, шамамыздың жеткенінше қолдау білдіріп жатырмыз. Бұл алғашқы және соңғы көмек емес», – деді Бану Талғатқызы бізбен әңгімесінде.
Жәнібек АСАНОВ