Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық қаһарманы» атағы берілген Кенжебай Мәденовтің ұлы Махамбет Кенжебайұлына айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін салтанатты түрде табыстады.
Кенжебай Мәденұлы Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданына қарасты Ақтайсай ауылында дүниеге келген. Ол ұзақ жылдар бойы мемлекет қауіпсіздігі саласында қызмет атқарып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері атанған.
1944 жылы 19 жасында 266-атқыштар дивизиясы 1008-полкінің 2-батальоны 5-ротасына взвод командирі болып тағайындалған.
1945 жылдың 29 сәуірінде Берлин үшін шайқаста ерекше ерлік көрсеткен. Берлин операциясы кезінде қаланың маңызды әкімшілік нысандарының бірі – Ратуша ғимаратының төбесіне Жеңіс туын тігу міндеті Кенжебай Мәденов басқарған взводқа жүктелген. Жауынгерлер бұл тапсырманы сәтті орындап, Кеңес әскері шабуылының қарқынын күшейтуге ықпал еткен.
Батырдың ерлігі туралы Георгий Жуковтың «Естеліктер мен толғаныстар» еңбегінде, генерал-лейтенант Фёдор Боковтың «Жеңіс көктемі» кітабында және «Берлинді алу» атты тарихи еңбекте жазылған.