Мемлекет басшысы: Елге қорған болу – ең абыройлы қызмет

Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылым қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, Отанға қызмет ету – ең үлкен мәртебе екенін айтты.

Президент халқымызда «Батыр елі үшін туады» деген нақыл сөз бар екенін айтып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қызметтің аса жауапты әрі құрметті міндет екенін атап өтті.

– Халқымызда «Батыр елі үшін туады» деген сөз бар. Елге қорған болу – ең абыройлы қызмет. Нағыз патриот азамат үшін бұдан асқан мәртебе жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы күштік құрылымдар қызметкерлерінің күнделікті еңбегі ерлікпен пара-пар екенін жеткізді.

– Күштік құрылым қызметкерлерінің күнделікті табанды еңбегі ел үшін жасалған ерлік екені сөзсіз. Сіздер әрқайсыңыз сертке берік болып, Отан алдындағы міндеттеріңізді мінсіз орындап жүрсіздер, – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев әскери атақтар мен сыныптық шендер беру туралы Жарлыққа қол қойғанын және бірқатар азаматтың жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталғанын хабарлады.

Президент марапат иелерін құттықтап, олардың жастарға үлгі болатынына сенім білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.