Ерназар ауылдық округі әкіміне кандидат Сүйінбеков Мират Мұхтарұлының сайлауалды бағдарламасы

Мен, Сүйінбеков Мират Мұхтарұлы, 1993 жылы 2 қарашада Жамбыл ауданы, Ш.Ниязбеков ауылында дүниеге келдім. 2015 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын «География» мамандығы бойынша тәмамдадым. Еңбек жолымды 2015 жылы Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектепте география пәнінің мұғалімі болып бастадым. 2019 жылдың 2 қыркүйегінен бүгінгі күнге дейін Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін.

Маңызды мәселелерді ұмыт қалдырмаймын

Құрметті Ерназар ауылдық округінің тұрғындары!

Округтің экономикалық, әлеуметтік аспектілерін жан-жақты зерделей келе, сайлауалды бағдарламамды ұсынып, келесі бағыттар бойынша жұмыстарды жүргізетін боламын:

– жауапты билік пен тиімді басқару жүйесін құру;

– әкімдік пен тұрғындар арасындағы байланысты дамыту;

– экономикалық даму мен өсім;

– инфрақұрылымды дамыту;

– ауыл шаруашылығы саласын дамыту;

– жұмыспен қамту;

– әлеуметтік саланы дамыту;

– тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, округке қарасты елді мекендерде санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын сапалы жүргізу;

– интернетті қолжетімді ету, байланыс желісін жақсарту.

Құрметті округ тұрғындары!

Ауылдық округ әкімі лауазымына үміткер ретінде сіздерге өзімнің сайлауалды бағдарламамды ұсынып отырмын. Алдағы сайлауға қатысу мен үшін үлкен жауапкершілік деп түсінемін. Өзімнің білім саласында жинақтаған тәжірибеме сүйене келе, әкімдік қызметінде де бағымды сынауға бел будым. Сайлауда Сіздердің қолдауларыңызбен жеңіске жетсем, ауылдық округті дамытуға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Өзіме сенім білдірген сайлаушылардың, жалпы, жергілікті халықтың үміті мен сенімін ақтаймын. Округті бірге өркендетейік!

Leave A Reply

Your email address will not be published.