Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су қоймаларында 26 млрд текше метрден астам су жиналды

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысына қатысып, вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету жұмыстары туралы баяндады.

2026 жылғы су тасқыны кезеңінде Қазақстандағы лимандар мен көл жүйелеріне экологиялық мақсатта су жіберу үшін 12,8 млрд текше метр еріген қар суы бағытталды. Бұл бірқатар өңірдегі экологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.

Атап айтқанда, Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасынан Түркістан облысының Созақ ауданына 1 млрд текше метрден астам су жіберілді. Ертіс өзені бассейніндегі жайылма шабындықтарды суландыру үшін 6,42 млрд текше метр су бағытталды. Бүгінде Павлодар облысындағы Ертіс өзенінің жайылмасында 290 мың гектардан астам аумақ суландырылды. Бұл жалпы аумақтың 87%-ына сәйкес келеді. Сонымен қатар Балқаш көлін толтыру жұмыстары жалғасып жатыр. 2025 жылдың қазан айынан биылғы сәуірге дейін Қапшағай су қоймасынан көлге 3,74 млрд текше метр су жіберілді.

Қазіргі таңда Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су қоймаларында 26,2 млрд текше метр су жиналды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 500 млн текше метрге артық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.