Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысына мониторинг жүргізу жөніндегі орталықтың кезекті отырысын өткізді. Онда өңірлерде тиісті Тұжырымдаманы жүзеге асыру барысы, волонтерлік қозғалысты қолдау жөніндегі шаралар, сондай-ақ экологиялық туризмді дамыту жайы қаралды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
«Баршаңызға мәлім, «Таза Қазақстан» ұғымы жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының біріне айналды. Атап айтқанда, қоршаған ортаны қорғау, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және табиғатқа деген қамқорлық құндылықтары басым міндеттер ретінде айқындалып отыр. Бұған дейін бекітілген «Таза Қазақстан» тұжырымдамасында экологиялық саясатты жүзеге асырудың негізгі буыны ретінде жергілікті атқарушы органдарға маңызды рөл жүктелген», — деп атап өтті Олжас Бектенов.