Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды қарсы алды

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында мемлекеттік сапармен Қазақстанға келген Режеп Тайип Ердоған мырзаны салтанатты түрде қарсы алды.

Түркия Президентінің ұшағы Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан бастап Астана әуежайына дейін Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің жойғыш ұшақтарының сүйемелдеуімен жеткізілді.

Әуежайда мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұшақ трапының маңында құрмет қарауылы сап түзеп тұрды.

Президент Режеп Тайип Ердоған мен ресми делегация мүшелерін қолдарына Қазақстан және Түркия туларын ұстаған балалар қарсы алды. Олар екі тілде:

«Ata yurda hoş geldiniz!» – «Атажұртқа қош келдіңіз!» деп жылы лебіздерін білдірді.

Сондай-ақ әуежай аумағында Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік туларын алып ұшқан тікұшақтар әуеде арнайы көрініс көрсетті.

Қазақ-түрік ынтымақтастығының жаңа кезеңі

Мемлекеттік сапар аясында Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланады деп жоспарлануда.

Қазақстан мен Түркияны тарихи тамыр, ортақ мәдени құндылықтар және бауырластық қатынастар байланыстырады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.