Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Эрдоган мырзаны ресми түрде қарсы алды.
Түркия Президентінің сапарына орай қазақ жерінде ерекше құрмет көрсетілді. Еліміздің әуе кеңістігіне енген сәттен бастап Астана халықаралық әуежайына дейін мәртебелі мейманның ұшағын Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары қапталдай алып жүрді. Бұл — бауырлас мемлекет басшысына көрсетілген жоғары деңгейдегі құрметтің айқын белгісі.
Астана әуежайында Түркия Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды. Әуежай аумағында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп, ресми делегацияны қарсы алды. Мемлекеттік сапардың маңыздылығын айшықтаған бұл рәсім екі ел арасындағы достық пен стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін көрсетті.
Сондай-ақ, қарсы алу барысында Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік туларын ұстаған балалар түрік делегациясына ерекше ықылас танытып, «Ata yurda hoş geldiniz!» – «Атажұртқа қош келдіңіз!» деген ізгі лебіздерін қазақ және түрік тілдерінде жеткізді. Бұл әсерлі сәт бауырлас халықтардың тарихи байланысы мен рухани жақындығын тағы бір мәрте айқын аңғартты.