Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде қазіргі күрделі геосаяси жағдайда бауырлас елдердің ынтымағы мен өзара қолдауы айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі таңда әлемдік және аймақтық деңгейдегі бәсеке күшейіп, қарулы қақтығыстар мен соғыстардың саны артып келеді. Бұл үдерістер жаһандық экономикаға кері әсерін тигізіп, көптеген елдердің тұрақтылығына ықпал етуде. Осындай сын-қатерлер кезеңінде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы аса маңызды.
«Халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар. Сондықтан түркі елдері заман талабын ескеріп, экономика және инвестиция саласындағы ықпалдастықты нығайтып, ортақ мүдде жолында күш жұмылдыруы қажет», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте талқыланған жасанды интеллект пен цифрлық дамудың стратегиялық маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, технологиялық даму бүгінде кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізгі факторына айналды.
Президент Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы бастамаларына тоқталып, биылғы жыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғанын айтты. Alem.ai орталығының ашылуы, екі суперкомпьютердің іске қосылуы және алдағы уақытта «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру – осы бағыттағы маңызды қадамдар.