Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде цифрлық технологиялар, ғарыш саласы және жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастықты күшейтуге қатысты бірқатар маңызды бастама көтерді.

Мемлекет басшысы ең алдымен ұйымға мүше мемлекеттер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тану мәселесін бірлесе шешуді ұсынды. Президенттің айтуынша, бұл қадам сауда-экономикалық байланыстарды жеңілдетіп, елдер арасындағы іскерлік қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ғарыш саласын бірлесе игерудің стратегиялық маңызына тоқталды. Оның пікірінше, түркі мемлекеттерінің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті спутник байланысы, навигация және мониторинг бағыттарында ауқымды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға толық жеткілікті. Осы ретте Президент «CubeSat-12U» ғылыми спутнигін іске қосудың маңызын ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы білім мен ғылым саласында жоғары білікті мамандар даярлау үшін Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды. Бұл бастама тәжірибе алмасуға, кадрларды бірлесіп даярлауға және озық технологияларды кеңінен енгізуге жол ашады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.