Бюджет басымдығы – әлеуметтік салада

Жамбыл ауданы әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын тұрақты сақтап келеді. Әкімшілік шекаралардың өзгеруі мен елді мекендер санының қысқаруына қарамастан, аудан инвестиция көлемін арттырып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларын дамытып отыр. Бұл туралы аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мәлімдеді.

Бүгінде аудан құрамында 51,2 мың халқы бар 31 елді мекен бар. Экономикалық белсенді халық саны – 31,5 мың адам.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,1 пайызға өсіп, 44,5 миллиард теңгеге жетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 35,4 миллиард теңгені құрап, 75,3 пайызға артқан. Ауданда «Амангелді» ЖШС мұнай өңдеу зауыты, «Super-pharm» ЖШС және «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС секілді 12 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді.

2025 жылы жалпы құны 1,8 миллиард теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске асырылып, 71 жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың қатарында «Ализа» ЖШС-нің сыйымдылығы 7000 тонналық көкөніс қоймасы, сүт өңдеу цехы, балық шаруашылықтары және Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автодәлізі бойындағы «Арзан Сити-3» жол бойы сервистік кешені бар.

2026 жылы ауданда жалпы құны 63 миллиард теңге болатын 12 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 258 жаңа жұмыс орны ашылады. Ірі жобалардың қатарында құны 14,5 миллиард теңгелік «Кнауф Гипс Тараз» зауытын кеңейту, «KEGOC» АҚ қосалқы станциясының құрылысы, Juru-Masdar компаниясының электр желісі мен «ГЭС Мырзатай» ЖШС-нің бу-газ қондырғылары зауытының құрылысы бар.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 56,5 миллиард теңгені құрады. Ауданда 51,9 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Нәтижесінде 244,1 мың тонна көкөніс, 26,9 мың тонна қант қызылшасы және 295,1 мың тонна мал азығы жиналды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 400 миллион теңгеге 56 жоба қаржыландырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.