Жамбыл облысында жасанды интеллект зертханасы ашылды

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Жамбыл облысының Жамбыл политехникалық жоғары колледжі базасында «ЖИ инновациялар академиясы» зертханасы іске қосылды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған бұл зертхана жасанды интеллект, бағдарламалау және заманауи цифрлық технологиялар бағытында білім беретін маңызды инновациялық алаңға айналмақ.

Жаңа орталық өңірдің цифрлық әлеуетін арттыруға серпін беріп, студенттердің жасанды интеллект пен IT саласындағы практикалық дағдыларын жетілдіруге, озық технологияларды меңгеруіне және болашақ мамандықтарына бейімделуіне кең мүмкіндік ұсынады.

Бұл маңызды жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ жылдардан бері қалыптасқан берік достық пен өзара ынтымақтастықтың, сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлердің қолдауының нәтижесінде жүзеге асты.

Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта колледж қабырғасынан жасанды интеллектіні терең меңгерген, ел дамуына үлес қосатын, бәсекеге қабілетті жас мамандардың түлеп шығатынына сенім білдірді.

Жамбыл политехникалық жоғары колледжі – республикадағы үздік 10 оқу орнының қатарында. Бүгінде мұнда 2518 студент білім алуда. Олардың 1934-і дуальді оқыту жүйесімен қамтылып, білім ордасы мен өңірдегі ірі өндіріс орындарында теория мен тәжірибені қатар меңгеруде.

2025 жылы колледжді 593 түлек тәмамдады, олардың 61 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл – оқу орнының еңбек нарығымен тығыз байланысының айқын көрсеткіші.

Leave A Reply

Your email address will not be published.