Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев мәдениет және өнер саласының өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың еселі еңбегіне құрмет көрсетті.
Салтанатты шара қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өрісін кеңейткен Жамбыл жерінің біртуар тұлғаларына арналған әсерлі композициялық қойылыммен ашылды.
Бүгінде облыста халыққа мәдени қызмет көрсететін 506 мекеме жұмыс істейді. Бұл салада 3 мыңнан астам маман еңбек етуде. Соңғы үш жылда 22 мәдениет нысаны ел игілігіне берілсе, биыл тағы 5 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарланған.
Аймақ басшысы өңірдің қазақ руханияты мен өнеріндегі орны ерекше екенін атап өтті.
– Мәдениет – ұлттың рухани тірегі, халықтың болмысын айқындайтын асыл қазына. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласын дамыту ұлт сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін ерекше атап өткен болатын.
Облысымыздағы театр әртістері, әншілер, күйшілер, бишілер, кітапхана мен музей қызметкерлері, мәдениет үйлерінің мамандары ұлттық өнерді ұлықтап, ел руханиятының дамуына зор үлес қосып келеді. Өнер ұжымдарының халықаралық және республикалық байқаулардағы жетістіктері Әулиеата мәдениетінің абыройын асқақтатып жүр. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздерге мықты денсаулық, шығармашылық табыс пен толайым жетістік тілеймін, – деді Ербол Қарашөкеев.