Ербол Қарашөкеев жамбылдық дарынды оқушылармен кездесті

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздарымен кездесті.

Кездесу басталар алдында өңір басшысы жас ғалымдар мен өнертапқыштардың жобалары қойылған көрмені аралап көрді.

Басқосуға барлығы 129 дарынды оқушы қатысты. Олар түрлі білім бәйгелері мен байқауларда топ жарып, өңір мерейін үстем етіп жүр. Биылдың өзінде жамбылдық оқушылар халықаралық және республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 468 медаль жеңіп алған.

Сондай-ақ облыс құрамасы республикалық ғылыми жобалар байқауында 17 жыл қатарынан үздік команда атанып, олимпиада қорытындысымен «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясына ие болды.

2025-2026 оқу жылын облыста 245 мыңнан астам оқушы аяқтаса, олардың 14 437-сі – мектеп бітіруші түлек. Жас түлектер қатарында еліміздегі және шетелдегі беделді жоғары оқу орындарының грант иегерлері де бар. Ал ұлттық бірыңғай тестілеуде жамбылдық екі оқушы 140 балл жинап, жоғары нәтиже көрсетіп үлгерді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.