Жамбыл облысында «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесі өтті. Ауқымды шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.
Өңір басшысы өз сөзінде ел Президенті кәсіпкерлікті дамытуға әрдайым айрықша көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы өз Жолдауларында шағын және орта бизнестің экономиканың ғана емес, қоғамның да тірегі екенін үнемі айтып келеді. Бүгінде елімізде бизнесті қолдаудың тиімді тетіктері қалыптасқан. Әсіресе, отандық өндірісті өркендету, өңделген өнім көлемін арттыру және ауыл кәсіпкерлігін дамыту бағыттарына басымдық берілуде, – деді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев «Қазақстанның үздік тауары» байқауы сапалы өнім өндіретін кәсіпкерлерді қолдауға жол ашса, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауылдағы шағын өндірістердің дамуына серпін бергенін жеткізді. Оның айтуынша, жоба жергілікті шикізатты тиімді пайдаланып, ұлттық өнімдерді жаңғыртуға мүмкіндік беріп отыр.