Күні кеше Отбасын қолдау орталығы пробация есебінде тұрған азаматтарға арналған «Ашық есік күні» іс-шарасын ұйымдастырды. Азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету, олардың қоғамға бейімделуіне көмектесу және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыт-бағдар беру мақсатында өткізілген шарада қатысушыларға әлеуметтік жұмыс мамандары тегін қызмет көрсетіп, қолдау көрсетті. Атап айтқанда, Мансап орталығының мамандары жұмысқа орналасу, кәсіптік бағдар беру және еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы ақпарат ұсынса, аудандық білім бөлімі білім алу, қайта даярлау және біліктілікті арттыру мүмкіндіктері жайлы мәлімет берді. Ал Отбасы банкі акционерлік қоғамының мамандары тұрғын үй жинақ жүйесі, баспана алу мүмкіндіктері мен тиімді қаржылық құралдар жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, заңгерлер құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріп, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін түсіндірсе, психологтар жеке және әлеуметтік қиындықтарды еңсеру, күйзелісті басқару, өз-өзіне сенімділікті арттыру бағытында қолдау көрсетті. Әлеуметтік жұмыс мамандары мемлекеттік әлеуметтік көмектер, жәрдемақылар мен түрлі бағдарламалар туралы ақпаратпен бөлісті.
Бұдан бөлек, «Қарызсыз қоғам» ұйымының өкілдері қаржылық сауаттылықты арттыру, қарыздан шығу жолдары және жеке бюджетті тиімді басқару бойынша кеңес берді. Аудандық емхананың мамандары азаматтарға денсаулыққа қатысты кеңестер ұсынып, профилактикалық тексерулердің маңыздылығын түсіндірілді.