Қазақстанда туризм экономиканың стратегиялық маңызды салаларының біріне айналып келеді. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан ірі бастамалардың бірі — Almaty Superski жобасы. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аталған жобаның ел туризмін дамытудағы маңызына ерекше тоқталды.
Министрдің айтуынша, бүгінде туризм тек демалыс саласы ғана емес, сонымен қатар жұмыспен қамтуды арттыратын, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беретін, инвестиция тартатын маңызды экономикалық секторға айналған. 2024 жылы Қазақстанға 15,3 миллион адам келген. Ал ішкі туристер саны 10,5 миллионға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 900 мың адамға артқан.
Соңғы жылдары табиғи және тау туризміне қызығушылық айтарлықтай өсті. 2024 жылдың өзінде Қазақстанның ұлттық парктеріне 2,8 миллион адам барған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп көрсеткіш.
Осыған байланысты Almaty Superski жобасы тек тау шаңғысы инфрақұрылымын дамыту емес, сонымен қатар халықаралық стандарттарға сай қауіпсіз әрі экологиялық туризм моделін қалыптастыруды көздейді. Жоба аясында заманауи инфрақұрылым, қауіпсіздік жүйелері және табиғатты қорғау талаптары басты назарда болады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай бастамалар Алматы өңірінің туристік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші тау туризмі орталықтарының біріне айналдыруға мүмкіндік береді.