Қазақстанда табиғи және экологиялық туризмге қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бүгінде адамдар табиғат аясындағы белсенді демалысты көбірек таңдай бастады. Егер бұрын тау туризмі мен шаңғы демалысы белгілі бір туристік топтар арасында ғана сұранысқа ие болса, қазір табиғи аймақтар жаппай демалыс орындарына айналып отыр.
«Адамдар ол жерге демалыс күндері жаяу жүру үшін, белсенді демалыс және табиғат аясына қысқа уақытқа шығып қайту үшін барады», — деді Аида Балаева.
Ресми мәліметке сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның ұлттық парктеріне 2,8 миллион адам барған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Ал елге келген шетелдік туристер саны 15,3 миллион адамға жеткен.
Осы орайда Almaty Superski жобасы ерекше маңызға ие. Жоба қауіпсіздік, экология және инфрақұрылым сапасына қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып әзірленуде. Басты мақсат — табиғатты сақтай отырып, туризмді тұрақты дамыту.
Мамандардың пікірінше, мұндай жобалар Қазақстанның халықаралық туристік имиджін нығайтып, өңірлік экономиканың дамуына жаңа мүмкіндік ашады.