Жамбыл облысында биыл 208 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланып отыр. Бұл мәселе облыс әкімі Ербол Қарашөкеев төрағалық еткен кеңесте қаралды, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Жиында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы сараланды. Білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков өңірдегі 531 мектепті биыл 245 мыңнан астам оқушы аяқтайтынын айтты. Оның ішінде 23 253 оқушы – 9-сынып, 14 437 түлек – 11-сынып бітірушілері.
Биыл 670 түлек «Алтын белгіге», ал 1 182 оқушы үздік аттестатқа үміткер. 11-сынып түлектерінің 11 911-і немесе 82,5 пайызы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. Облыста екі тестілеу пункті жұмыс істейді.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 662,4 миллион теңге бөлінген. Жоспарға сәйкес 1-10 сыныптағы 217 757 оқушының 208 235-і жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылады. Оның ішінде 15 мыңнан астам бала қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Негізгі басымдық көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілмек.
Өңірдегі 6 оқу-сауықтыру орталығы балаларды қабылдауға дайындалып жатыр. Ал 1 маусымнан бастап 407 мектеп жанындағы лагерь жұмысын бастайды. Онда әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан 31 967 баланы қамту көзделген.
Сонымен қатар түрлі байқау мен жарыстардың жеңімпазы атанған 279 оқушы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама алады. Ал көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 10 бала Алматы қаласындағы Бөбек сауықтыру орталығында демалады.