Темірбек ауылдық округіне қарасты Тегістік ауылында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор әрі жерлесіміз Есжан Әміровтің шығармашылығына арналған «Ауыл – алтын бесігім» атты тағылымы мол шығармашылық кеш өтті. Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, туған жерге деген сүйіспеншілікті дәріптеген рухани шараға ауыл тұрғындары, өнерсүйер қауым және ән әлемінің жанкүйерлері көптеп жиналды.
Кеш барысында көрермен қауым қазақ музыка өнерінде өзіндік орны бар сазгердің жүрекке жақын әндерін тыңдап, ерекше әсерге бөленді. «Ауылға арнау», «Анаға сағыныш», «Қасиеттің қайнары – Қаратауым», «Абзал жандар», «Қарағанды вальсі», «Есіл мен Нұра – егізім», «Махаббат періштесі», «Жалғыз аққу», «Ән болып жаралдың», «Ауыл – алтын бесігім», «Қыз жүрегі», «Зеренді вальсі», «Аққу қыз», «Туған ел түлектері», «Сері көңіл», «Қайран көңіл», «Қызыма», «Бауырым әнім», «Нұркеннің қырандары» секілді туындылар сахна төрінде шырқалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.