Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырып, отбасылық құндылықтарды жоғары қоятын өнегелі отбасы тұрады. Көпбалалы ана Перизат Құрбанова мен жұбайы Жәнібек Ақшабаев өздерінің табандылығы мен ауызбіршілігінің арқасында шағын кәсіпті дамытып, ауыл тұрғындарына үлгі болып келеді.
Төрт баланы тәрбиелеп отырған Перизат Құрбанова ана болу міндетімен қатар сүйікті ісін табыс көзіне айналдыра білген іскер жан. Ол жұбайымен бірге үй жағдайында тігін шеберханасын ашып, отбасылық кәсіптің негізін қалаған.
Кәсіптің дамуына мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үлкен серпін берді. Отбасы мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, бөлінген қаражатқа заманауи тігін машиналары мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Нәтижесінде олар балаларға арналған сәнді көйлектер мен түрлі мерекелік киімдерді тігуді қолға алды.