Заң мен тәртіп – тұрақты қоғамның негізі

Мемлекет басшысы заң мен тәртіп қағидатының ел дамуы үшін маңыздылығын тағы бір мәрте атап өтті. Президенттің айтуынша, заңға құрметпен қарау – жазадан қорқу емес, ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән қасиет.

Бүгінде қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мемлекет алдындағы негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Осыған байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, вандализммен күресу және қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Президент қоғамдық мүлікті бүлдіру, қоршаған ортаға зиян келтіру сияқты әрекеттерге төзбеушілік таныту қажеттігін айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының маңызын атап өтіп, қалалар мен ауылдарды көркейту, аумақтарды көгалдандыру және экологиялық мәдениетті дамыту жұмыстарын жалғастыру қажеттігін жеткізді. Әсіресе туристік нысандар мен табиғи аймақтардағы тәртіпке баса назар аудару керектігін айтты.

Президенттің пікірінше, заң үстемдігі сақталған жерде ғана тұрақтылық пен даму болады. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидаты алдағы уақытта да мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.