Жамбыл облысында құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осыған орай облыстық полиция департаментіне жаңа қызметтік автокөліктер табысталды.
Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құқық қорғау саласын дамыту мемлекет назарындағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, полиция қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиімді орындауы үшін қажетті жағдай жасау, заманауи техникамен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Жаңа көліктер құқық қорғау органдарының жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.
Облыстық полиция департаментінің басшысы Қайсар Сұлтанбаев өңір басшылығына көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдіріп, жаңартылған техника қызмет сапасын жақсартуға ықпал ететінін жеткізді.
Биыл жергілікті бюджет есебінен полиция департаментінің қажеттіліктеріне қомақты қаражат қарастырылған. Оның басым бөлігі Шу аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратын салуға бағытталған. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Сондай-ақ бюджет қаражатына бірнеше ондаған қызметтік автокөлік сатып алынып, олардың басым бөлігі бүгінгі күні полиция бөлімшелеріне пайдалануға берілді. Бұл шара өңірдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыруға сеп болады.