Ұлытауда «Көкмайса – даланың тірі тарихы» республикалық этномәдени фестивалі өтеді

Биыл Ұлытау өңірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ауқымды мәдени шаралардың бірі – «Көкмайса – даланың тірі тарихы» республикалық этномәдени фестивалі ұйымдастырылады.

Дәстүр мен руханиятты ұлықтайтын фестиваль 2026 жылдың 27 маусымында Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданына қарасты Ералиев ауылында өтеді. Іс-шара қазақ халқының бай мәдени мұрасын насихаттап, ұлттық салт-дәстүрлерді кеңінен таныстыруды мақсат етеді.

Фестиваль аясында келушілер үшін этноауылдар құрылып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрыптарын бейнелейтін көріністер ұсынылады. Сондай-ақ қымызмұрындық рәсімі өткізіліп, ұлттық тағамдар мен сусындардың ерекшелігі таныстырылады.

Бағдарламада ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер шеберлерінің көрмелері және қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптейтін түрлі мәдени шаралар қамтылған. Фестивальдің ерекше сәттерінің бірі – 500 бие сауылатын тарихи көрініс болмақ. Бұл көшпелі өркениеттің бай мұрасын айшықтайтын тағылымды шара ретінде көпшілік назарына ұсынылады.

Сонымен қатар мерекелік кеште еліміздің танымал өнер жұлдыздары қатысатын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

«Көкмайса – даланың тірі тарихы» фестивалі ұлттық болмысты дәріптеп, тарихи мұраны жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени алаңға айналмақ. Ұйымдастырушылар өңір тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекеге қатысып, қазақ даласының рухын бірге сезінуге шақырады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.