Жыл сайын 5 маусымда бүкіл әлемде Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аталып өтеді. Қазақстанда бұл дата Эколог күні ретінде мерекеленіп, табиғатты қорғау ісіне үлес қосып жүрген мамандар мен қоғам белсенділеріне құрмет көрсетілетін маңызды күндердің бірі саналады.
Осыған орай Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, еліміздің барлық өңірінде бірқатар экологиялық және ағартушылық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.
4 маусым күні Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Таза Қазақстан» бастамасының іске асырылу нәтижелері, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою және қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін дамыту мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы өтеді.
Баспасөз конференциясына ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерлан Кожиков, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким, Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәурен Есмағамбетов және Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Рүстем Төкенов қатысады.
Эколог күніне арналған салтанатты шаралар республика бойынша ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау саласының дамуына елеулі үлес қосқан экологтар мен қоғам белсенділері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталады.
5 маусым күні елімізде «Эко-сағат» республикалық акциясы өтеді. Оның аясында ашық дәрістер, тақырыптық көрмелер, интерактивті алаңдар, шеберлік сабақтары және экологиялық сыныптар ұйымдастырылады. Акция барысында экологтар, еріктілер мен жергілікті тұрғындар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстарға белсенді қатысады.
Сонымен қатар Эколог күні аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін Атырау қаласындағы «Фибратекс» ЖШС пластик өңдеу зауытына және Қостанай қаласындағы «Север-Комбинат» ЖШС қайталама шикізат пен қағаз өнімдерін өңдеу кәсіпорнына баспасөз турлары ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, эко-белсенділер мен еріктілер әлеуметтік желілерде «Өзіңнен баста» челленджін өткізіп, тұрғындарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Эколог күніне арналған барлық ақпараттық материалдар #ЭкологКүні, #ДеньЭколога, #ТазаҚазақстан және #ӨзіңненБаста хэштегтерімен жарияланады.