Жуырда Айшабибі ауылдық округінде «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық акциясы аясында ағымдағы жылдың 18 мамыры мен 8 маусымы аралығында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықтарға жол бермеу, сондай-ақ отбасы институтын нығайту мақсатында кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Айшабибі ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрбақыт Әлімқұлов, Жамбыл аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі ювеналды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Нұрлан Құлшымбаев, Жамбыл АПБ ҚҚБ учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Фархат Әбілдаев, Жамбыл АПБ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Гүлзат Ерішбай, аудандық Отбасын қолдау орталығының психолог маманы Динара Қалиева және заңгер маманы Мәди Тәжібаев қатысқан шарада қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және отбасындағы татулық пен бірлікті нығайту көзделді.
Іс-шара барысында ауыл тұрғындарымен түсіндіру кездесулері өткізіліп, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсат-міндеттері жан-жақты түсіндірілді. Мамандар тарапынан отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың қоғамға тигізетін кері әсері, зорлық-зомбылықтың психологиялық, әлеуметтік және құқықтық салдары туралы кең көлемде ақпарат берілді.
Кездесу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілік түрлерін түсіндіріп, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында кеңестер ұсынды. Сонымен қатар, құқық қорғау тетіктері, қорғау нұсқамаларын шығару тәртібі, дағдарыс жағдайында көрсетілетін көмек түрлері және зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету механизмдері туралы айтылды.
Аудандық Отбасын қолдау орталығының мамандары тұрғындарға психологиялық және құқықтық көмек көрсету бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, отбасы мүшелері арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Психолог маман отбасындағы кикілжіңдердің алдын алу, эмоционалдық тұрақтылықты сақтау және балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында пайдалы кеңестер берді.
Сонымен қатар, іс-шара аясында тұрғындарға арнайы ақпараттық жадынамалар мен сенім телефондарының байланыс нөмірлері таратылып, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жедел көмек алу жолдары түсіндірілді. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға мамандар нақты жауаптар беріп, құқықтық және әлеуметтік қолдау алу мүмкіндіктері бойынша ақпараттар ұсынды.
