Шөлдаладағы Қарасу каналына жаңа көпір салу мәселесі мәслихат сессиясында қаралады

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Шөлдала тұрғын алабындағы Қарасу каналы арқылы өтетін көпір мәселесіне байланысты нысан басына барып, жағдаймен танысты.

Қала басшысы «Қазсушар» мекемесінің өкілдерімен бірге аумақтағы ахуалды зерделеп, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыныстарды талқылады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Шөлдала тұрғындары әлеуметтік желілер арқылы балалардың мектепке баратын жолы канал үстіндегі бұғат арқылы өтетінін айтып, мәселе көтерген болатын. Тұрғындардың айтуынша, қосымша салынған көпір негізгі бағыттан алшақ орналасқандықтан, күнделікті қатынауда қолайсыздық туындап отыр.

Нысан басындағы кездесу барысында Бақытжан Орынбеков жауапты бөлімдер мен аудан әкімдігіне мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар үнемделген бюджет қаражаты есебінен қажетті қаржыны қарастырып, құрылыс жұмыстарын қысқа мерзімде бастаудың маңыздылығын атап өтті.

Аталған мәселе маусым айының ортасында өтетін қалалық мәслихат сессиясында қайта қаралып, депутаттардың талқысына ұсынылады. Қажетті қолдау көрсетілген жағдайда көпір құрылысы жуық арада басталмақ.

Жоба аясында тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауын қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілер жолы салынып, көше жарығы орнатылады. Сондай-ақ каналдың қауіпті учаскелері қоршалып, қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталады.

Қала әкімдігі бұл жұмыстардың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, балалар мен ересектердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.