Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өңірдің медицина саласы өкілдерімен кездесу өткізіп, денсаулық сақтау жүйесінің өзекті мәселелерін талқылады.
Кеңес барысында медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту, денсаулық сақтау ұйымдарының тиімділігін арттыру және саланы одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстар сараланды. Министр соңғы жылдары ел бойынша медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда республика көлемінде жүздеген жаңа медициналық нысан пайдалануға берілген. Соның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жамбыл облысында жоспарланған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандары толық іске қосылған.
Жиында ана мен бала денсаулығын сақтау, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау, профилактикалық тексерулердің тиімділігін арттыру, туберкулездің алдын алу және вакцинация мәселелері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар медицинаны цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстарға назар аударылды.
Министр өңірдегі ана өліміне қатысты көрсеткіштерге тоқталып, жүкті әйелдерді бақылауды күшейту, медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру және көрсетілетін көмектің сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Кездесу барысында Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері облыстағы медициналық ұйымдардың қызметіне жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырып, тұрғындардан келіп түскен шағымдар мен анықталған кемшіліктерді жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Кеңес қорытындысында медициналық ұйымдардағы ішкі бақылау жүйесін күшейту, клиникалық хаттамалардың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру міндеттері белгіленді.
Жұмыс сапары аясында көтерілген мәселелер өңірдегі денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталмақ.