Айшабибі ауылында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков қатысып, қоныс иелерін қуанышты оқиғамен құттықтады.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік тұрғын үй саясаты аясында жүзеге асырылуда. Бұл жолы «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған бағдарлама шеңберінде Ақкөл және Қазыбек би көшелерінде орналасқан алты пәтер жаңа иелеріне берілді. Оның ішінде бір және үш бөлмелі тұрғын үйлер бар.
Жаңа қонысқа ие болғандардың қатарында жетім балалар, ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар және толық емес отбасылар бар. Бұл санаттағы азаматтарды қолдау – мемлекет жүзеге асырып отырған әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі.
Іс-шара барысында тұрғындарға жаңа баспананың игілігін көріп, шаңырақтарына құт-береке тіленді. Сонымен қатар тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасатыны атап өтілді.
Баспаналы болған тұрғындар өз ризашылықтарын білдіріп, көптен күткен қуанышқа кенелгендерін жеткізді. Жаңа үйлердің пайдалануға берілуі ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етпек.
Өңірде халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мұндай бастамалар әлеуметтік осал топтағы азаматтардың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік беріп келеді.