Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Жібек жолы ауылында кезінде тоқтап қалған жібек шаруашылығы қайта жанданып, жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бүгінде өңір кәсіпкерлері жібек құртын өсіріп қана қоймай, одан дайын өнім шығаратын толық циклді өндірісті қалыптастыруға күш Салуда
Кезінде Ұлы Жібек жолының бойында дамыған дәстүрлі кәсіптің бірі – жібек шаруашылығы. Алайда соңғы бірнеше онжылдықта бұл сала елімізде мүлдем тоқырауға ұшыраған еді. Енді араға 30-40 жыл салып, Байзақ ауданындағы Жібек жолы ауылында ата кәсіп қайта жаңғырып отыр.
Қазіргі таңда ауылдағы арнайы кешенде 120 мыңнан астам жібек құрты өсірілуде. Бұл жобаны облыс кәсіпкерлері бірлесіп құрған кооператив жүзеге асыруда. Олар екі жыл бұрын Самарқандтан арнайы тұқым әкеліп, 40 гектар алқапқа тұт ағаштарын отырғызған. Бүгінде сол еңбектің алғашқы нәтижелері көріне бастады.