Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ирригация каналдарын салу және реконструкциялау жобаларының барысымен танысты.
Жамбыл ауданында министр ұзындығы 9,2 шақырым болатын «Исмаил» каналындағы құрылыс-монтаж жұмыстарын көрді. Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен жүргізіліп жатқан жұмыстар биыл қаңтар айында басталған. Қазіргі таңда каналдың 3,2 шақырым бөлігі реконструкцияланды.
Жоба аясында каналды бетондау, су шығару құрылғыларын, бөгет құрылыстарын және нөсер су ағызу жүйелерін орнату, сондай-ақ гидробекет салу көзделген. «Исмаил» каналы арқылы Аса өзенінен Жамбыл ауданының суармалы алқаптарына су жеткізіледі. Каналдың өткізу қуаты — секундына 6 текше метр. Реконструкция нәтижесінде 1454 гектар жерге су жеткізу жақсарып, шығын азаяды.
Одан кейін Нұржан Нұржігітов биыл басталған «Саза», «Төменгі Саза», «Айтақ», «Бошақай», «Бошақай-1» және «Бошақай-2» каналдарын бетондау жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты. Бұл жұмыстар Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен ирригация желілерін жаңғырту жобасы аясында үнемделген қаражат есебінен жүргізілуде. Жалпы алғанда үнемделген қаржыға облыста ұзындығы 85,5 шақырым болатын 14 каналды бетондау жобасы іске асырылып жатыр.
Байзақ ауданында министр «Өтеміс», «Сеңкібай» және «Белқожа» шаруашылықаралық каналдар жүйелеріндегі жұмыстарды тексерді. «Өтеміс» жүйесінде жалпы ұзындығы 28 шақырым болатын учаскелерге бетон төселіп, гидротехникалық нысандар жөнделіп және қайта жаңғыртылуда. Жоба іске асқаннан кейін жүйе арқылы суарылатын жер көлемі 5131 гектарға дейін ұлғаяды. Қазір бұл нысан 1626 гектар егістік алқапты суармалы сумен қамтамасыз етіп отыр.
«Сеңкібай» шаруашылықаралық каналында ұзындығы 17,8 шақырым болатын учаске реконструкцияланды. Жалпы 21,8 шақырым канал жаңғыртылады. Барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
«Белқожа» жүйесін реконструкциялау аясында жалпы ұзындығы шамамен 19,5 шақырым болатын учаскелер бетонмен қапталып, гидротехникалық нысандар жаңартылды. Қазіргі уақытта мердігер ұйым анықталған ескертулерді жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба аяқталған соң жүйе арқылы суарылатын жер көлемі 2896 гектарға дейін ұлғаяды. Бүгінде нысан 1860 гектар егістікке су жеткізіп отыр.