Жамбыл облысында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл ретте Шу ауданында тұрғын үй құрылысының қарқыны артып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.
Мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін дайындау, инженерлік-коммуникациялық желілер тарту және әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Шу қаласы мен ауылдық елді мекендерде жаңа тұрғын алқаптары қалыптасып, олардың инженерлік инфрақұрылымы кезең-кезеңімен дамытылуда. Атап айтқанда, ауыз су, электр энергиясы, табиғи газ және жол желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты түрде атқарылуда.
Өткен жылы Шу қаласы, Төле би және Алға ауылдарынан сатып алынған тұрғын үйлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Жалпы саны 140 тұрғын үй мемлекеттік тұрғын үй қорына енгізіліп, нәтижесінде 39 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, жетім балалар және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары басымдыққа ие болды.
Ауданда тұрғын үйге деген сұраныспен қатар жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдеріне қажеттілік те жоғары деңгейде сақталып отыр. Қазіргі таңда Шу қаласында 9 мыңнан астам азамат жер телімін алу кезегінде тұр. Осыған байланысты жаңа тұрғын алқаптарын игеру, қажетті инфрақұрылым жүргізу және жер телімдерін кезең-кезеңімен беру жұмыстары жалғасуда.