Жамбыл облысында ғылымды дамыту, жас зерттеушілерді қолдау және жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, отандық ғалымдардың біліктілігін арттыру және әлемдік тәжірибені енгізу ерекше маңызға ие.
Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Судың сапасы» ғылыми-зерттеу орталығы мамандарының Германия Федеративтік Республикасына жасаған ғылыми сапары болды. Халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған бұл іссапар өңірлік ғылымның дамуына және жас зерттеушілердің кәсіби әлеуетін арттыруға ықпал ететін маңызды қадам ретінде бағалануда.
Ғылыми делегация құрамында «Химия және химиялық технология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Маржан Қалмаханова бастаған докторанттар мен магистранттар болды. Олар Германияның Вальдбронн қаласында орналасқан әлемге танымал «Agilent University Center» оқу-ғылыми орталығында тағылымдамадан өтті.
Сапар барысында қатысушылар халықаралық деңгейдегі заманауи аналитикалық технологиялармен танысып, жоғары технологиялық зертханалық жабдықтарда жұмыс істеу тәжірибесін меңгерді. Сонымен қатар арнайы оқыту тренингтеріне, ғылыми-әдістемелік семинарларға және тәжірибелік зертханалық сабақтарға қатысты.