Тараздағы «Ұлы дала» шағынауданында 196 пәтерлі 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова және шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, қоныстой иелерінің қуанышына ортақтасты.
Ең әуелі Ербол Шырақпайұлы тұрғындарға ақжарма тілегін арнады.
– Баспана – әрбір отбасының бақыты мен берекесінің, тұрақтылығы мен ертеңгі күнге деген сенімінің негізі. Сондықтан азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгін пайдалануға беріліп отырған тұрғын үйлер – осы жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылы облыс көлемінде жалпы 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен Тараз қаласында 111,8 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделген.