Қазіргі таңда әлем бұрын-соңды болмаған технологиялық өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, роботтандыру және автоматтандыру жүйелері экономиканың барлық саласына еніп, еңбек нарығының құрылымын түбегейлі өзгертуде. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары көптеген дәстүрлі мамандықтардың мазмұны өзгеріп, жаңа кәсіптер пайда болады. Осындай жағдайда жастардың мамандықты саналы түрде таңдауы жеке жетістіктің ғана емес, тұтас өңірдің дамуының маңызды алғышартына айналып отыр.
Бұл мәселе Жамбыл облысы үшін ерекше маңызға ие. Өйткені өңірдің болашақтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы бүгінгі жастардың кәсіби даярлығына, білім сапасына және еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу қабілетіне тікелей байланысты.
Соңғы жылдары мемлекет жастардың сапалы білім алуына және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп келеді. Жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, халықаралық тәжірибелер енгізілуде.