Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылу барысы қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрсұлтан Исабеков баяндама жасады.
Басқарма басшысының баяндауынша облыстағы 357 елді мекеннің 284-і табиғи газбен қамтылып, халықты газбен қамту деңгейі 91,8 пайызға жетті. Қазіргі таңда Сарысу және Шу аудандарындағы 32 елді мекенді газдандыруға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда. Аталған жобалар толық аяқталған жағдайда өңірдегі газбен қамту деңгейі 96 пайызға дейін өседі.
Ауыз сумен қамту саласында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Биыл 19 жобаға 17,1 млрд теңге бөлініп, барлық нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны 80 млрд теңгені құрайтын 43 жоба дайындалып, оларды кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланған.