Жұмажан мен Жұлдыздың бастамасы

Өңірлерді дамыту мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынған бастама көп. Әсіресе билік пен бизнес байланысының жаңа форматының шарапатын шалғай ауылдағылар көріп отыр.

Мәселен нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 2-ші бағыты бойынша өткен жылы 198 азамат 308 млн 642 мың теңге несие алған. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант иелері немесе кәсібін дөңгелету мақсатында бизнес жобаларын қорғау арқылы 6 пайыздық несие алған азаматтар бүгінде осы игі бастамалардың шарапатын көріп отыр.
Сондай азаматтың бірі Жұмажан жары Жұлдыз екеуі әуелі аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы құжат­тарын дайындап, несие алып кәсіп ашуды көздеген. «Бастау бизнес» жобасының курсынан өткен Жұлдыз Әбілқасымқызы ел қызығып көп тұтынатын фаст-фуд өнімдерін пісіруді ойластырған. Көп ұзамай аталмыш бағдарлама аясында 4 млн теңге несие алып, аудан орталығынан «MR.DONER» пісіріп сататын орын ашқан.
Жұмажанның шынайы тірлігін көру­ге асыққан біз сол орынға барып қай­туды жөн көрдік. Кәсіп иесі бізбен тілдескенде:
– Қазақта «Жүйесін тауып жұмыс қыл, жерін тауып тыныс қыл» деген өнегелі сөз бар. Жаяу жүргінші көп өтетін, адам көп шоғырланатын мына орынды жалға алдым. Әзірге мұнда 2 аспаз жігіт чикен, пицца, суши, донер, чизбургер, гамбургер, ход-дог тағам­дарын әзірлеп сатады. Оларға күндігіне 2500-4000 теңге аралығында ақы төленеді. Халықтың сұранысы жақсы. Ашылғанымызға көп уақыт өте қойған жоқ. Сол себепті де әлі шығыс-кірістің есебін есептей алған жоқпыз. Бірақ сауданың өтуіне қарағанда пайдасы бар. Біз алдағы уақытта осындай орындарды басқа аудандардан да ашуды жоспарлап отырмыз. Нысанды ашуыма қолдау білдірген аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Асқар Жанқоразов пен ау­дан әкімдігі кәсіпкерлік және өнер­кәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиевке алғысым шексіз, – деді кәсіпкер.
Нәсібін кәсібінен тауып отырған ерлі-зайыптының арманы асқақ. Бизнесін осындай шағын кәсіптен бастаған адам­дарға мемлекет биыл да қолдау көрсетпек.

Мақсат ЖҰМАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.