ҚР Сенат депутаттары мемлекет 30 жыл ішінде ұлттық идеология мен тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алғанын айтты.
Сенатор Нұртөре Жүсіптің сөзінше, қазіргі ұрпақ ата-ананың тыйымдарынан емес, Tik Tok желісінен тәрбие алып жатыр.
Нұртөре Жүсіп үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында «Алматы трагедиясына» әкеп соққан себептерге тоқтаталды.
Оның сөзінше, бүгінде қоғамда «президентті қолдайық» деген пікір бар. Ол дұрыс, бірақ мемлекет басшысын жай сөзбен емес, нақты іспен қолдау қажет.
«Біз ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау керек. «Менің мемлекетім», «менің Қазақстаным» деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына, қалай да ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық.
Бүгінгі жастар бабалардың «тәк-тәк» деген тыйымдарымен емес, негізінен Тик-ток арқылы тәрбиеленіп жатыр», — дейді депутат. Нұртөре Жүсіп бүгінде қоғамда еңбек ету, адал мал табу, Отанға, мемлекетке адалдық, қоғам алдындағы жауапкершілік, әділет, ар, ұят ұғымдары шетке ысырылып қалғанын баса айтты.
«Өз ордасын өзі ойрандайтын, бұл әрекет үшін бір сәт те ойланбайтын қаніпезерлік қайдан шықты?! Әкенің сөзін баласы тыңдамайтын, қой дегенді білмейтін, үлкендерден ықпайтын, қыңыр ұрпақ неге көбейді? Елшіл, мемлекетшіл, ертеңшіл толқын қайда? Ұл-қызға дұрыс тәрбие бермесек, тұлға қалай шығады?», — деп алаңдады сенатор.