Алматыда террористік шабуыл жасағандардың мәйіті жерленген қабір табылды. Бұған дейін содырлардың қаза тапқандар мен жаралыларды қалдырмай, өздерімен бірге алып кеткені айтылған болатын, деп хабарлайды «Аса-ақпарат» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақпаратқа Алматы полициясы департаментінің өкілі Салтанат Әзірбек пікір білдірді.
“Шынында да мәйіттер табылды. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр”, – деді ол.
Оның айтуынша, мәйіт саны қанша екенін нақты белгісіз. Жедел тергеу тобы жұмыстарды аяқтағаннан кейін толық ақпарат ұсынылады.
“Тергеу барысында содырлардың кім екені және олардың қай діни ағымды ұстанғаны анықталатын болады. Әзірге тергеудің басқа деректері жарияланбайды”, – деді полиция өкілі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы коменданты Қанат Таймерденов содырлар қаза тапқан террористердің денелерін өздерімен бірге алып кеткенін айтқан болатын.
“Шабуылды қару-жарақ пен ұрыс әдістерін жетік меңгерген кәсіби дайындалған адамдар жасаған. Олар қаза тапқандар мен жаралыларды қалдырмай, өздерімен бірге алып кеткен. Сол күндері мәйітханаға 7 рет шабуыл жасалып, ол жерден белгісіз адамдар 41 мәйітті ұрлап әкеткен», – деген ол.
Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 227 адам қаза тапты, оның ішінде Алматыда – 151 адам көз жұмды. 9-ы полиция қызметкерлері.