Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай қаласында өткен кездесу барысында Қазақстанның цифрлық трансформация бағытындағы басымдықтарын таныстырып, жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және көлік-логистика салаларындағы стратегиялық бастамаларға тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан жасанды интеллектіні болашақ экономикалық өсімнің негізгі драйверлерінің бірі ретінде қарастырады және халықаралық инвесторлар үшін заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруға басымдық беріп келеді.
Осы орайда Мемлекет басшысы Екібастұз қаласында жүзеге асырылатын Data Center Valley жобасына ерекше назар аударды.
– Бұл – еліміздің бірегей стратегиялық бастамасы. Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.